Перейти к содержимому страницы.

«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ

18.11.2022

Павлодар педагогикалық университетiнің биылғы 60 жылдық мерейтойына орай оқытушылар арасында «Педагогикалық шеберлік» байқауын жариялады. Мақсаты- жоғары кәсіптік бiлiм беру сапасын арттыру, педагогтің оң имиджiн қалыптастыру, педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату, ЖОО оқытушысының кәсіби шеберлiгiн ынталандыру. Шеберлік байқауына барлығы алты адам өтінім берген. Қатысушылар: Б.Д.Нығметова, Г.М.Тохметова, А.Б.Рахымжанова, С.Т.Иксатова, И.Г.Дәулетова, Н.Х.Ахметова.

Оқу әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Нұржанқызының сөзінше, байқау үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезеңнен өтіп, екінші кезеңнің тапсырмаларын орындауда.

- Бірінші кезеңде эссе жазып, өздерінің кәсіби портфолиосын тапсырды. Екінші кезеңде үміткерлердің сабақ өту шеберлігі тексеріледі. Яғни, берілген тақырыпқа байланысты ашық сабақтар, лекциялар өткізеді. Ал үшінші кезеңде оқытушылар үй тапсырмасында орындаған шығармашылық жұмыстарын көрсетеді, - дейді Лаура Нұржанқызы.

Ұйымдастырушылардың сөзінше үшінші кезең 25 қараша күні болады. Жеңімпаз атанған ұстаздар ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады.