Перейти к содержимому страницы.

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҚ: ЗАМАНАУИ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – МЕКТЕПТЕГІ ТИІМДІ ҚҰРАЛ

26.06.2025

2025 жылғы 26 маусымда Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінде педагогикалық көшбасшылықты дамыту, заманауи оқыту әдістерін енгізу және жасанды интеллектті тиімді білім беру құралы ретінде қолдану мәселелеріне арналған мазмұнды білім беру модулі өтті.

Іс-шараның ашылуына университет ректоры Ержан Әмірбекұлы, Назарбаев Университетінің академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провосты, Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева, сондай-ақ Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтказина қатысты.

«Педагогикалық көшбасшылық: заманауи оқыту әдістерін ілгерілету және мектептегі жасанды интеллект» атты панельдік пікірталаста сарапшылар жасанды интеллектті білім беру ортасын дамытуда қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ мектептер мен университеттер мен басқарушы органдар арасындағы әріптестіктің білім сапасын арттырудағы маңызын талқылады.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари интерактивті дәріс өткізіп, деректер мен ЖИ негізіндегі басқарушылық шешімдер туралы жан-жақты баяндады. Білім беру саласындағы ұлттық сарапшы Руслан Қаратабанов оқу бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру және жаңарту бойынша әдістемелік семинар өткізді. Ал Юлия Мельникова (Павлодар қаласы Педагогикалық шеберлік орталығы) ЖИ қолдану арқылы оқытуды бағалау бойынша моделдеу элементтерімен практикум жүргізді.

Күн соңында Жаратылыстану жоғары мектебінің профессорлары Дария Абыкенова, Алмагүл Асаинова және Раушан Ельтинова қатысушыларға алған білім мен тәжірибені саралауға көмектесетін кәсіби диалог ұйымдастырды. Қорытынды сөзді Ержан Әмірбекұлы, Самал Айтказина және Аида Сағынтаева сөйледі.

Модульде ұсынылған идеялар мен ұсыныстар мұғалімдерге, басқарушыларға және әдіскерлерге жаңа үлгідегі мектепті — заманауи оқыту, педагогикалық көшбасшылық пен технологиялар оқушының әлеуетін ашуға бағытталған кеңістік құрайтын мектепті — қалыптастыруда бағыт-бағдар болады.