ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТАРМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
28.12.2020
Бұл күндері еліміздің психологтар қауымдастығы Тәуелсіз Қазақстанның психологиялық ғылымы мен тәжірибесіне 30 жыл толғандығын атап өтуде. Аталмыш мерейтой қарсаңында Павлодар педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» жоғары мектебінің білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылық құрамы «Білім берудің жаңартылған бағытындағы мектеп психологының қызметі» деп аталатын онлайн дөңгелек үстелін өткізді.
Ғылыми іс-шараның мақсаты – білім беру мекемесіндегі психологиялық жұмыстардың теориялық және практикалық мәселелері бойынша тәжірибе алмасу. Дөңгелек үстелдің модераторы – «Педагогика және психология» жоғары мектебінің жетекшісі, п.ғ.к., доцент Аплашова А.Ж.
Дөңгелек үстел жұмысына белгілі ғалымдар: психология ғылымдарының кандидаты Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Амирова Б.А; Әл-Фараби атындағы ҚазНУ-дың жалпы психология кафедрасының профессоры, пс.ғ.к. Жұбаназарова Н.С.; профессор, Тұран университетінің PhD докторы Топанова Г.Т.; National training орталығының жетекшісі, ұйымдастырушылық психология облысындағы эксперт, тренингтік топтың жүргізушісі Мұстафин Е.С.; студенттер мен магистранттар, сондай-ақ Павлодар қаласы мектептерінің тәжірибелі психологтары қатысты.
Кіріспе сөзді университетіміздің педагогика жоғары мектебінің деканы ф.ғ.к, профессор Текжанов Қ.М. алды. Қатысушылар Қазақстанның психология ғылымының дамуы және практикалық психологияның мәдени дамуы жөніндегі мәселелерді талқылады. Әсіресе, студенттерді тәжірибелі психолог мамандардың баяндамалары қызықтырды.