ПЕДАГОГ МАМАНДАРЫН ҚАЙТА ДАЯРЛАУ БАҒДАРЛАМАСЫН ӘЗІРЛЕУ СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ
02.04.2024
Бүгін Марғұлан университетінде Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік дербес білім беру ұйымы өкілдерінің педагог мамандарын қайта даярлауға бағытталған семинары басталды. Аталған шара Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебі арасындағы консорциумдық келісім негізінде ұйымдастырылуда. Семинардың ашылуына университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
- Елімізде 49 жоғары оқу орынында педагог мамандарын оқытады. Олардың бесеуі арнаулы университеттер. Назарбаев зияткерлік мектебі осы университеттер ішінде Марғұлан университетін таңдап, келісім жасалды. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл семинарға ұжымдағы ең үздік оқытушылар таңдалды. Болашақта осы бағдарламаны сәтті жалғастырады деген сенімдемін, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Толқын Айдосованың сөзінше, педагог мамандарын қайта даярлауға бағытталған бағдарламалар әзірленуде.
- Ағымдағы жылдың қаңтар айында Марғұлан университетінің қызметкерлерімен бірге Кембридж университетіне барып, бір апталық семинардан өтіп келген болатынбыз. Онда шетелдік әріптестерімізден педагогикалық қайта даярлаудың негізгі мәні мен мазмұны туралы мол тәжірибе алдық.
Міне, сол семинардан алғанымызды негізге ала отырып, өзіміздің тәжірибемізді қолдана отырып жаңа бағдарлама ұсынбақшымыз. Бүгінгі семинар барысында курстың бағдарламасын әзірлеу қалай жүзеге асады, қандай моделдерге сүйенеміз, жоба дизайны қандай болу керек деген мәселелерді бірлесіп талқылаймыз, - деді Толқын Қайырбекқызы.