ПАВЛОДАРЛЫҚ ҒАЛЫМДАР АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТУРАЛЫ КӨПШІЛІК БІЛЕ БЕРМЕЙТІН АҚПАРАТТАРМЕН БӨЛІСТІ
03.03.2022
Биыл қазақ әліпбиінің атасы, түркітанушы ғалым, қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушы көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Павлодар педагогикалық университеті және облыстық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлттың рухани көсемі» атты конференция өтті.
Әдеби шараға тіл білімін зерттеп жүрген жергілікті ғалымдар мен Павлодар педагогикалық университетінің студенттері қатысты. Сондай-ақ, еліміздің әр өңіріндегі кітапханашылар айтулы шараны онлайн режимде тамашалады. Ғалымның туған жері Қостанай облысынан Ахметтанушы ғалымдар қатысып, тікелей эфирде пікір білдірді.
Торғай өңіріндегі А.Байтұрсынұлы музейінің басшысы Гүлбану Сәрсеке Алаш арысының тұтынған жеке заттарымен, құжаттарымен таныстырды.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Әділбек Әміренов Ахмет Байтұрсынұлының терминология саласына қосқан сүбелі үлесіне тоқталып өтсе, ғалым, С.Торайғыров университетінің профессоры Бақытгүл Қапасова ғалымның тіл білімі саласына сіңірген елеулі үлесін тілге тиек етті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінде 26 әріп бар деп көрсеткенін айтады. Оның 8-і дауысты, 18-і дауыссыз дыбыстар. Ал қазіргі қазақ әліпбиіндегі 42 әріптің біршамасы жасандылықтан туындаған, қазақтың тума табиғатына сай келмейтін басы артық дүниелер екендігіне тоқталып өтті.
Ал Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зият Әйткенов ағартушы ғалымның қайраткерлігі мен ұлттың болашағы үшін жасаған ерен еңбегі туралы баяндама жасады. Игі шараны тізігіндеген белгілі ғалым, жазушы Серік Елікбай ұлт көсемі Әлихан Бекейханов ұлтқа, жерге, елге қатысты сындарлы сәттерде үнемі Ахмет Байтұрсынұлына арқа сүйегенін айтады. Ауқымды конфереция барысында алдыңғы толқын аға буын өкілдерін мұқият тыңдаған жастар өз ойларын айтып, шарадан түйген ой-пікірлерімен бөлісті.
Ұлттың рухани ұстазының 150 жылдық мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетінін еске саламыз. Осыған орай республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы таңдалып алынғаны белгілі. Акция аясында облыстық кітапхана жыл бойы тағы да бірнеше ауқымды шараларды өткізуді жоспарлауда.