Павлодарда Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды
03.11.2021
Павлодар педагогикалық университетінде Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды.
Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев пен Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне балалар мен жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу саласында әдістемелік қолдау көрсету мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Университеттің оқу корпустарының бірінде филиал жұмысы үшін екі аудитория бөлінген. Өз кезегінде Ұлттық институт кеңселерді техникалық және материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады. Мұнда Республикалық «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның кітаптары, мұғалімдер мен оқушылар жұмыс барысында пайдаланатын әдістемелік құралдар жеткізілді.
Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев ректор Жанбол Жилбаевқа жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, университет ұжымдарының бірлескен күш-жігері өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
«Педагогикалық жоғары оқу орнының студенттері осы жерде оқу жоспары аясында «Өзін-өзі тану» мұғалімінің қосымша біліктілігін ала алады. Бұл, сөзсіз, педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, өйткені жалпы республика бойынша өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік зор», - деді ол.
Бүгінде бұл еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары жанынан ашылған Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бесінші филиалы. Облыс мұғалімдері мұнда «Өзін-өзі тану» пәні бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, конференцияларға, семинарлар мен байқауларға қатыса алады.