Павлодар педагогикалық университетінің оқуға қабылдау комиссиясында талапкерлерді декандардың өздері қабылдады
01.07.2021
Бүгін, 1-ші шілде, Павлодар педагогикалық университетінің оқуға қабылдау комиссиясында ерекше күн. Оқуға түсемін деп келген талапкерлер құжаттарын тапсырып, Жоғары мектептердің декандарымен жүзбе-жүз танысып, түрлі сұрақтарына жауап алды. Әлеуметтік желілерде күні бұрын жарияланған «Талапкер, өз деканыңнан кеңес ал да, сыйлыққа ие бол» акциясымен келушілер саны көп болды. Бұл күні таңғы сағат 10-нан бастап Педагогика жоғары мектебінің деканы ф.ғ.к Қ. Г. Текжанов, Жаратылыстану жоғары мектебі – м.ғ.к В. Н. Алиясова, Гуманитарлық ғылымдар мектебі – ф.ғ.к Қ. С. Ерғалиев, Өнер және спорт жоғары мектебінің деканы п.ғ.к В. И. Лебедева еліміздің әр өңірінен келген, сондай-ақ Қытай, Монғолия мемлекеттерінен осында арнайы оқуға түсемін деп ниеттенген талапкерлерге кеңес беріп, Павлодар педагогикалық университетінің имидждік өнімдерін сыйға тартты. Кеңес барысында оқу жағдайы, жатақханада тұру шарттары, студенттердің шығармашылықпен айналысуы, түрлі ғылыми-инновациялық жобалар турасында әңгіме болды. Бір сөзбен айтқанда, талапкерлердің осы оқу орнына түссем деген арманына қанат бітіп, жоғары мектеп басшыларының тілек сөздері жазылған сыйлықтар табыс етілді.