Перейти к содержимому страницы.

ПАВЛОДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ТӨРІНЕ ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ МҮСІНІ ОРНАТЫЛДЫ

05.12.2022

Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті ғалым, археолог, жақында ғана оқу ордасына аты берілген Әлкей Хақанұлы Марғұланның бюсті ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанаты университеттің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар аясында өтті. Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ә.Марғұланның ұрпағы Данель Әлкейқызы қатысты.

- Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы үшін тарихи сәт. Жақында университетке академик, көрнекті тарихшы ғалым Әлкей Марғұланның есімі берілген болса, бүгін оқу ордасының төрінде бюсті ашылды. Бұл оқу орын ұжымы үшін жоғары мәртебе және үлкен жауапкершілік. Осындай ерекше тарихи оқиғалардың оқу орнының 60 жылдығы қарсаңында орын алуының өзі ұмытылмас сәт болды. Барша университет ұжымын биылғы 60 жылдық мерейтомен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, зор жетістіктер тілеймін, - деді Қуаныш Асылханұлы.

Шара барысында Әлкей Марғұланның ұрпағы Данель Әлкейқызы және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев сынды құрметті меймандар сөз сөйлеп, университет ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Сонымен қатар, Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев сөз сөйлеп, барша қадірлі меймандарға алғысын білдірді.

- Бүгін біздің университет үшін тарихи сәт. Яғни, білім ордасының бас ғимаратында қазақтың ұлттық археологиясының атасы, ғалым, академик Әлкей Марғұланның мүсіні ашылды. Бұл университет ұжымы мен студенттері үшін үлкен құрмет деп санаймыз және жүктелген міндет. Құрметті Данель Әлкейқызы, біздің мерейтойға арнйы келгеніңіз үшін сізге өзімнің және университет ұжымының атынан алғыс білдіремін. Сонымен қатар, жергілікті мүсінші Жасыбай Қабылдинов, Тұрар Төлеуұлына аз уақыттың ішінде осындай ғажайып мүсін дайындағаны үшін алғыс айтамыз, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Ерекше шара жас айтыскер ақын Бексұлан Хайдаровтың Әлкей Марғұланға арнау өлеңімен жалғасын тапты.