МЕКТЕП ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ АРАСЫНДАҒЫ СЕРІКТЕСТІК СЕРПІНІ!
17.02.2022
16 ақпанда Павлодар педагогикалық университетімен бірлескен ынтымақтастық аясында М.Әуезов атындағы Майқайың орта мектебінде «Мектеп және жоғары оқу орны арасындағы серіктестік серпіні» атты семинар өтті.
Ректор Жанбол Жилбаев бастаған университетіміздің оқытушылары 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап «Мектеп пен университет» ынтымақтастығы бағдарламасы аясында педагогикалық сыныптар ашылған М.Әуезов атындағы Майқайың орта мектебінде болды.
Мектеп директоры Самал Мәжитова ұстаздық сыныптардың жұмысымен таныстырып, келген әріптестерге мектепте экскурсия ұйымдастырды.
Мектептің мәжіліс залында TEDx форматында мектеп түлектерімен және педагогикалық ұжымның оқытушыларымен кездесу өтті. Ректор Жанбол Жилбаев пен оқу ісі жөніндегі проректор Ольга Андрющенко оқытушылар және студенттермен бірге жалпы және жоғары оқу орындарының білім берудегі жаңа даму тенденциялары, инновациялар мен перспективаларды талқылады. Оқытушылар кадрларды даярлау, қайта даярлау, магистратураға қабылдау, докторантура, қос дипломдық білім беру мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық туралы сұрақтарға толық жауаптар алды.
Кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Г.М. Мусанова, «Педагогика және психология» ББ меңгерушісі А.Ж.Аплашова, «Мектепке дейінгі тәрбие» ББ жетекшісі А.О. Абдырова мұғалімдер А.М.Оразбаева, Ж.Е. Мұратова, Г.Т. Сүлейменова және педагогикалық сынып оқушыларымен бірге қызықты сабақтар өткізді.
Студенттермен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру бойынша қызықты, жарқын тренингтерді Жоғары гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры, «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпазы Бекен Сағындықұлы және "Біргеміз» атты облыстық волонтерлар фронт-офисінің басшысы Еркебұлан Күнтуған өткізді.
Жиын соңында музыкалық мектебінде оқитын өнерлі оқушылар өз концерттік нөмірлерін ұсынды. Театрландырылған қойылымдар, домбырада, қобызда музыкалық шығармалар жоғары кәсіби деңгейде орындалды!
Айта кету керек, М.Әуезов атындағы Майқайың орта мектебі Павлодар Ертіс өңіріндегі үздік мектептердің бірі. 2020 жылы үздік оқу орындарының қатарында облыс әкімінің арнайы гранты – мекемені жаңғыртуға 50 миллион теңге бөлінді. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен, технологиямен жабдықталған, компьютерлік сыныптар, робототехника кабинеті бар. Мектеп мұғалімдерінің 90 пайызы Павлодар педагогикалық университетінің түлектері. Сондай-ақ, 2021 жылы жаңадан қабылданған он жас мұғалімнің сегізі – біздің түлектер.