Перейти к содержимому страницы.

«ПАРАСАТТЫ КӘСІПКЕР» БАЙҚАУЫ

05.09.2022

«Колос» мәдени-сауық орталығында ұлағатты ұстаз, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған облыс кәсіпкерлері арасында «Парасатты кәсіпкер» облыстық байқауы өтті.

Ұйымдастырушылар – Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының хабарлауынша, байқауға Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының әр түрлі деңгейдегі кәсіпкерлерінен құралған сегіз команда қатысты.

Байқауға қатысушылардың арасында қолөнер және зергерлік өнермен айналысатындармен қатар құрылыс пен ауыл шаруашылығын дамытуда еңбек етіп жүргендер де болды.

Байқау мемлекеттік тілдің қолданылу аясы мен қоғамдық рөлін кеңінен насихаттау, кеңейту, облыс кәсіпкерлерін ынталандыру мақсатында өткізілді.

Командалар шығармашылық тапсырмаларды орындауда, кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аударуда өздерінің шеберліктерін, әртістік қабілеттерін, тапқырлықтарын көрсетіп, жағдаяттық қойылымдарда шығармашылық қабілеттерін де пайдалана білді.

Облыстық байқаудың конкурстық комиссиясының төрағасы ретінде Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы сөз сөйледі.

Іс-шара соңында байқау комиссиясының төрағасы Бекен Сағындықұлы жеңімпаздар мен номинация иегерлеріне сыйлықтар табыстап, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.