ӨЗЕКТІ МАМАНДЫҚТАР ОРТАЛЫҚТАРЫ ҚҰРЫЛАДЫ
27.04.2022
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатымен, өңірдегі әр салада белсенді және кәсіпкер жастарымен кездесті. Жаңа форматта өткен еркін пікір-алмасуды ZOOM платформасы арқылы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері де тамашалады. Кездесу JASTAR TALKS диалог алаңында «Жаңа Қазақстан: болашақ біздің қолымызда» ұранымен өтті.
- Жаңа Қазақстанды құратын өздеріңіздей жастар. Ол үшін жастар білімді болуы керек. Яғни, әрдайым кітап оқып, білімдеріңді көтеруге және шыңдалуға шақырамын. Мен сіздерге облыс әкімі ретінде емес, аға ретінде осындай кеңес бергім келеді. Себебі, біздің кішкентай болса да тәжірибеміз бар. Біздің алдымызда үлкен-үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Болашақта жастар елімізді басқару жүйесіне келуі керек. Қазіргі әлемдегі ең қиын нәрсе - өз кәсібіңді табу. Қанша адам мамандық таңдауда қателеседі, сондықтан біз мектептерде ерте кәсіптік бағдарлау жүйесін құрғымыз келеді. Ол үшін колледждерде өзекті мамандықтар орталықтары құрылып, онда барлық қалаған жандар қайта даярлаудан өтіп, жаңа кәсіпті игере алады, - деді аймақ басшысы Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Аймақ басшысымен кездесуге әр салада табысты еңбек етіп, басшылық қызметтер атқарып жүрген жастар көптеп келіпті. Мәсалы Павлодар қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айбек Оралхан, Тереңкөл ауданының Калиновка ауылдық округінің әкімі Санжар Рыспеков, Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешенді оңалту кабинетін ашқан жаттықтырушы-мотиватор Айтым Құсайынов, облыс әкімдігінің бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы Наталья Нефедова қатысып, бүгінге дейінгі жеткен жетістіктерімен және тәжірибелерімен бөлісті.