ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ УНИВЕРСИТЕТТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ӘР ПІКІРІ МАҢЫЗДЫ
16.02.2023
Университет оқытушылар қауымының ғылым мен жоғары білімді дамытуға бағытталған әр пікірі мен ұсынысы маңызды. Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев өткен аптадан бастап әр жоғары мектептің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізіп, инновациялық білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін және перспективасын талқылады.
Кездесулерге университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко, академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Әлия Жәкиенова, оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова, тіркеу офисінің басшысы Гүлмира Сәкенова және мансап орталығының басшысы Майра Байтанаева қатысты.
Кездесулер барысында қысқы сессияның қорытындылары, контингенттің қозғалысы мен қауіпсіздігі, педагогикалық іс-тәжірибені ұйымдастыру, түлектердің болашақ мұғалімдердің білімін бағалаудан өтуге дайындығы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, педагогикалық кадрларды даярлау процесінде жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Ректор Жанбол Жилбаев Марғұлан университетінің барлық құрылымдарының басым бағыттардың бірі тыңдаушы мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыру болуы керек екенін атап өтті. Студенттердің өтініштеріне дер кезінде жауап беріп, олармен сындарлы диалог орнату маңызды қадам болып табылады.
«Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басты миссиясы – еліміз үшін жоғары сапалы педагогикалық, зияткерлік элитасын қалыптастыру. Осынау биік миссияны орындау үшін әрқайсымыз өз жұмысымызды адал әрі абыроймен атқаруымыз керек», - деді Жанбол Октябрьұлы.
Кездесулер барысында басшылықпен бірлесе отырып, оқу үдерісін жетілдіру және университеттің білім сапасы стратегиясын жүзеге асыру бойынша негізгі міндеттер айқындалды.