ОҚЫТУШЫЛАР ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫНА ҚАТЫСТЫ
17.04.2024
Филология ғылымдарының кандидаты, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Бибігүл Нығметова әріптестеріне «Проблемаға бағытталған оқыту немесе студенттерді оқуға қалай үйрету керек?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізіп, өзінің оқытушылық жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сабағы барысында «Оқыту мен оқудағы 4K дағдылары» және «Студенттердің өзін-өзі реттеуі» сияқты тақырыптарда дәріс оқылып, сұрақтар талқыланды.
-Әріптестерімізге сыни ойлауды, студенттеріміздің рефлексивті мәдениетін дамытудың тиімді жолдарын анықтауға көмектесетін практикалық кейстер ұсынылды. Бұл тәжірибе оқытушыларға өз пәндерін оқытуға көмектеседі. Оқытушылар бұл әдістемелерді өз жұмысына бейімдейді деп үміттенемін. Жалпы, қазіргі күні оқыту сапасын жақсарту мақсатындағы осындай интерактивті және сындарлы идеялар алмасу өте маңызды, - деді Бибігүл Нығметова.
Айта кету керек, Бибігүл Нығметова 20 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейде: Қазақстанда, Ресейде, Германияда шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Ол Гете институтымен және Педагогикалық шеберлік орталығымен тәжірибе алмасқан.