Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған әдеби кеш
14.05.2021
Биыл республика көлемінде ақын, Қазақстанның халық жазушы, тілтанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Олжас Сүлейменовтің 85 жас мерейтойы атап өтілуде. Аталмыш шара шеңберінде Павлодар педагогикалық университетінің Е.Бекмаханов атындағы кітапханасында «Ғасыр адамы – Олжас Сүлейменов» атты поэзия кеші өтті. Оған М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің 1 курс студенттері қатысты. Поэзия жанкүйерлері ақынның шығармаларынан үзінділер оқып, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы пікірталас жүргізді. ҚтжӘ-11 тобының студенті Жанбек Диас ақынға арнау оқып, көрерменнің көзайымына айналды. Әдеби кеш барысында оқырмандарға Олжас Сүлейменовтің «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы туралы айтылып, осы университет қабырғасында «Павлодар облысының 100 тарихи тұлғалары» жобасы аясында түсірілген «Олжас Сүлейменов: Әлемдік тұлға» қысқаметражды фильмі көрсетілді.
Айта кетсек, белгілі ақын, саясаткер, публицист, аты аңызға айналып бара жатқан Олжас Омарұлы 2019 жылы ордалы оқу ордамызда болып, «Ұлы даланың ұлағатты ағартушы-ұстаздары» галереясын салтанатты түрде ашқан болатын. Университетте Олжас Сүлейменов құрметіне ашылған кабинет бар.