ОЛИМПИАДА НӘТИЖЕСІ: ОҚУШЫЛАР ППУ ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ
01.04.2022
Павлодар педагогикалық университетінің гранты үшін 11-сынып оқушылары арасында өткен пән олимпиадасы аяқталды. Білім бәсекесінің нәтижесінде 4 оқушы (биология, химия, физика, география) жеңімпаз болып, ППУ грантының иегері атанды. Олар Екібастұз қаласынан келген Мақпал Көшербаева, Жансая Саяхат, Ансар Жанат және Ақсу қаласының оқушысы Әмина Қайырбекова.
- Мен бүгін мұндай жоғары нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаған жоқпын. Ұйымдастырушылар «Павлодар педагогикалық университетінің грантын ұтып алдың» дегенде қуаныштан жүрегім жарылардай болды. Ата-анам да ерекше қуанып қалды. Енді күзде осы университеттің табалдырығын студент болып аттайтын боламын. Болашақ мамандығым - биология пәні мұғалімі. Осы таңдаған мамандығым бойынша білім алып, еліме адал еңбек етуге тырысамын, - дейді екібастұздық оқушы Ансар Жанат.
Сонымен қатар, аталған пәндер бойынша ІІ және ІІІ орын алған оқушылар оқу орынның 50 пайыздық және 25 пайыздық жеңілдік сертификатына ие болды. Ал математика пәні бойынша жеңімпаздар келесі аптада анықталады.
Жеңімпаз оқушыларды марапаттау рәсіміне ППУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко мен кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова қатысып, болашақ студенттерді құттықтады.
- Сіздерді екінші турға өтіп, жеңімпаз атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. биыл біздің оқу университеттің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұл еліміздегі ең үздік оқу орындардың бірі саналады. Елімізде педагог қызметкерлеріне қолдау өте зор. Мұғалімдердің айлық жалақасы көтеріліп, мәртебесі де айқындалды. Сондықтан, мектептен кейін біздің оқу орынға түсуге шақырамын, - деді Ольга Андрющенко.
Университеттің кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанованың сөзінше, алдағы уақытта тағы олимпиада өтіп, 5 оқушыға грант, 5 оқушыға 50 пайыздық жеңілдік, 5 оқушыға 25 пайыздық жеңілдік сертификаты беріледі.