Перейти к содержимому страницы.

СӨЗ ЭКОЛОГИЯСЫ МЕН ТІЛ МӘДЕНИЕТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

20.04.2022

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің Ғылым онкүндігі шеңберінде 2022ж. 19 сәуір күні философия докторы (PhD), ғылым және интернационалдану жөніндегі вице-декан Сулейменова А.К. «Қазіргі қоғамдағы лингвоэкология мәселелері» атты семинар өткізді. Семинар барысында қазіргі қазақ тілінің лингвоэкологиялық жағдайын зерделеп, тілдік орта мәселесін, оның өзгеру, даму динамикасына теріс әсер ететін себептерді айқындап және қазақ тілін – қазақ халқының мәдени, тарихи жадын сақтаушы, оларды қайта жаңғыртушы, ұрпақ пен ұрпақтың рухани дүниесін сабақтастырушы ретінде қазақтілділердің экологиялық рухани ортасы болып келгенін ғылыми тұрғыдан қарастыру – лингвоэкологиялық зерттеудің негізгі мақсаты – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі айтылды.

Семинар барысында сөз экологиясы, сөйлеу мәдениеті мәселесі әлемдегі барлық тіл жанашырлары мен зерттеушілері үшін де ең өзекті мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Семинарға Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің, М. Қанапьянов атындағы Павлодар педагогикалық Жоғары колледжінің, ИнЕУ Жоғары колледжінің мұғалімдері мен Павлодар педагогикалық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-3 курс білім алушылары қатысты.