MARGULAN UNIVERSITY МЕН NIZAMI UNIVERSITY АРАСЫНДА ӘРІПТЕСТІК ОРНАДЫ
10.02.2023
Margulan University профессорлық-оқытушылық құрам өзбектсандық әріптестерімен тәжірибе алмасу және бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. ППУ ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин мен «Тарих» білім беру бағдарламасының меңгерушісі Бауыржан Абдрахманов жұмыс сапарымен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетіне барып, екі жоғары оқу орын арасындағы ынтымақтастық келісімге қол қойды.
Атап айтсақ, алдағы уақытта осы келісім аясында екі университет арасында студенттер мен оқытушыларды алмастырып, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, университет магистранттары мен докторанттары Nizami University-не ғылыми тағылымдамадан өтуге бара алады, онда білім алатын жастар да Margulan University-не келеді. Одан бөлек, екі жоғары оқу орынның ғалымдар бірлесіп ғылыми мақалалар мен монографиялар жазу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Міне, осылайша отандық ғылым және жоғары білім саласын дамытуда халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, болашақ үшін білімді ұрпақ, білікті маман тәрбиелеуге қол жеткізуге болады деген сөз.
Margulan Universityғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдиннің сөзінше, Nizami University-де студенттер мен оқытушылар үшін ерекше мүмкіндіктер жасалған.
- Мысалы мектепке дейінгі білім беру мамандарын даярлау тәжірибесі өте қызықты. Факультетте балабақша бар, оған студенттер мен қызметкерлердің балалары 2 айдан бастап қабылданады. Ол балаларға студенттердің өздері тәрбиеші болады. Осылайша олар теориялық білім ала жүріп, практикадан да өтіп жатыр деген сөз. Мұны мектепке дейінгі тәрбиемен айналысатын мамандарды даярлаудың тамаша тәжірибесі деуге болады, – дейді Бауыржан Сатыбалдыұлы. Ал студенттер апта сайын тәжірибеден өтеді. Төрт күн университетте білім алса, екі күн мектеп мұғалімдерінен тәлім алады.
Margulan University өкілдері үшін Nizami University-де ерекше экскурсия ұйымдастырылды. Олар кітапханаларды, оқу зертханаларын аралап, университеттің материалдық-техникалық базасымен және оқу бағдарламаларымен танысты. Сондай-ақ, тілдер факультетінде қазақ тілінде оқытатын мектептерге мұғалімдерді даярлайтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» бағдарламасы таныстырылды.