Перейти к содержимому страницы.

NIS-пен УНИВЕРСИТЕТ АРАСЫНДА КЕЛІСІМ ОРНАДЫ

26.01.2023

Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері мен Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті оқытушыларының шығармашылық тобы құрылды. Бірлескен жұмыстың басты мақсаты — педагогикалық ЖОО студенттерін болашақ кәсіби қызметке даярлауды жетілдірудің оңтайлы жолдарын іздеу және оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу.

NIS-те өткен алғашқы кездесуге қатысқан университет ректоры Жанбол Жилбаев шығармалық топтың жұмысы нәтижелі болатынына сенім білдірді.

— Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері жалпы білім беретін мектептерге өз тәжірибесін таратуда. Сондықтан сіздермен бірлесіп шығармашылық топ құру маңызды. Алдағы уақытта әзірленетін әдістемелік материалдардың біздің түлектер үшін болашақ жұмыс орындарында үлкен көмегі тиетініне сенімім мол, — деді Жанбол Октябрьұлы.

Ал Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Думан Нәбілұлы осы сәттен бастап мектеп пен университет арасындағы байланыс одан әрі нығая түсетінін атап өтті.

Кездесу барысында мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары пәндері бойынша топқа бөлініп, алдағы уақытқа жоспар құрды. Шығармашылық топтардың жұмысы 25-мамырға дейін жалғасады.

Айта кетейік, биыл Павлодардағы NIS-ке практикадан өту үшін педагогикалық университеттен 55 студент барды.