НАУРЫЗ ФЕСТ: КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ DIGITAL ФОРМАТТА
20.03.2026
Бүгін Марғұлан университетінде «Digital Nauryz» онкүндігі аясында «Наурыз фест» мерекелік шарасы өтті.
Таңертеңнен бастап университеттің басты корпусында ән шырқалып, мерекелік атмосфера орнатылды. Жоғары мектептер ұлттық шығармашылық бұйымдарының көрмесін ұйымдастырып, қонақтарға бауырсақ пен тәттілер сыйлады. Сондай-ақ дәстүрлі шашу жасап, жиын қатысушылары достық пен ізгі тілекке бөленді.
Айта кетерлігі, университет ректоры Ержан Әмірбекұлы мереке қатысушыларын видеобайланыс арқылы құттықтады. Ол биылғы Наурыздың digital форматта өтіп жатқанын атап өтіп, мерекенің жаңару, бірлік және ұрпақ сабақтастығы символы екенін ерекше атап көрсетті.
Сонымен қатар видеобайланыс арқылы қонақтарды Тазша бала, Наурыз әже және Қыдыр ата құттықтады. Олардың үндеулері дәстүрлі мерекеге заманауи реңк берді. Шығармашылық ұжымдардың қатарындағы «Жебе» триосы, «Мұрагер» және MuZA ансамбльдері, сондай-ақ «Қыздар-ай» квартеті және басқа да орындаушылар өнерлерін паш етіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өнер және спорт жоғары мектебінің «Кескіндеме өнері» оқу бағдарламасы студенттері өз қолдарымен жасаған ұлттық киімдер дефилесін көрсетті. Дәстүрлі элементтер мен заманауи стильді үйлестірген туындылар көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
Одан бөлек, 14–23 наурыз аралығында Марғұлан университетінде «Digital Nauryz» онкүндігі аясында шамамен 20 шара өткізілді.


















