Перейти к содержимому страницы.

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА, ТОЙ БОЛУШЫ ЕДІ БҰЛ МАҢДА...

22.03.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің ауласына құрылған ақ шаңқын киіз үйлерде Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, ұлан-асыр тойға ұласты. Төл мерекемізді ұлықтауға арналған жиынға облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, университет ректоры Жанбол Жилбаев, оқу орын ұстаздары мен студенттері және қала тұрғындары қатысты.

Алдымен жиналған жұрттың алдына Қыдыр ата шығып, ақ батасын беріп, елімізге тыныштық, әр отбасына ырыс пен жақсылық тіледі. Одан кейін Наурыз-әже қонаққа келіп, көпшілікке Ұлыс тойының шашуын шашты. Қыдыр ата мен Наурыз-әженің бата-тілегінен кейін Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев барша қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

- Құрметті қазақ елі, қадірлі әріптестер! Бүгін айрықша қуанышты күнде бас қосып отырмыз. Яғни, желтоқсанның желді күндерін, қаңтардың қақаған аязын, ақпанның ақ боранын артқа тастап гүл-бәйшешектің жұпар иісі бұрқыраған Наурыз көктеммен қауышып отырмыз. Дана халқымыз бұл күнді Әз Наурыз деп әспеттеп,«Самарқанның көктасы еріген күн» деп қадір тұтады. Себебі бұл күн мен түн теңеліп, жақсылық пен молшылықтың,береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың бастауы болған уақыт. Осы сәтті пайдалана отырып, барша Қазақстан халқын, Павлодар жұртшылығын және Университет ұстаздары мен студенттерін әз- Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, әр отбасына береке-бірлік, ырыс пен молшылық тілеймін, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Мерекелік шара барысында халқымыздың құнды салт-дәстүрлері көрсетілді. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов сахнаға көтеріліп, Шыңғыс есімді кішкентай сәбидің тұсауын кесті. Өз кезегінде Шыңғыстың әжесі – Жұлдыз апа Әбілқайыр Бақтыбайұлына алғысын білдірді. Ал университет студенттері қазағымыздың ұмыт болған салт-дәстүрінің бірі – «Қыз көру» дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар, арқан тарту, қол күрес, гир тасын көтеру сынды спорттық жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Мерекелік шара барысында көптеген халықаралық, республикалық шығармашылық конкурстардың лауреаты Кисатова Салтанат, Педагогика жоғары мектебінің оқытушысы Д.С.Каипбекова секілді жеке өнерпаздар мен «Самғау» би тобы, «Аманат» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.