Перейти к содержимому страницы.

НАУМ ШАФЕР ӨМІРДЕН ӨТТІ

12.10.2022

Есімі елге белгілі музыкатанушы, композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Наум Шафер (Нахман Гершевич) 91 жасында өмірден өтті. Марқұмның дүниеден өтуіне байланысты барша жақын-туыстарына және ұрпақ-жұрағатына қайғыра көңіл айтамыз.

Наум Григорьевичтің өмірі мен еңбек жолы Павлодар педагогикалық университетімен тікелей байланысты. Ұстаздар қара шаңырағында ұзақ жыл қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Өмірбаянына қысқаша тоқталар болсақ, өнер қайраткері 1931 жылы 13 қаңтар күні дүниеге келген. 1950-1955 жылдары аралығында Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған. 1952 жылы Е.Г.Брусиловскиймен танысып, маэстро мен музыка және композиция жанрлары бойынша сабақ алды. Еңбек жолы 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жамбыл атындағы орта мектепте басталған. Павлодар педагогикалық университетіндегі қызметі 1968 жылы басталды. Сол жылдан 1971 жылға дейін орыс және шетел әдебиеті кафедрасының оқытушысы болды. 1989-1991 жылдары аралығында кафедра доценті, 1991 жылы кафедра профессоры атанды. 2001 жылы Шафердің мұражай үйін ашып, «Жыл адамы-2001» құрметті атағына ие болды. 2005 жылы өзінің жеке музыкалық коллекциясы негізінде «Поет Куляш Байсеитова», «В.Мильто Верность Целине: песни 1950-х – 1650-х годов» атты лазер дискілерін шығарды.

Наум Григорьевич бүкіл өмірін өнерді, соның ішінде музыка мәдениеті мен тарихын зерттеу ісіне арнаған тұлға. Оны жеке музейінде жинақталған музыкалық коллекциясынан аңғаруға болады. Яғни, әлем музыкасы жауһарларының коллекциясын жинақтай отырып, бұрынғы атақты әншілер мен актерлердің тірі дауыстары бар күйтабақтар жиынтығын қалыптастыруды мақсат етті. Ендеше, Наум мырзаның жеке музей үйінің қорында сақталған музыкалық коллекциялар мен күйтабақтар, басқа да тарихи туындылар әлі де үлкен зерттеуді қажет ететіні анық.