НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!
12.10.2022
Есірткісіз қоғам қалыптастыру бүгінгі күннің ең маңызды міндеті. Сондықтан, Павлодар педагогикалық университетінің студенттеріне есірткінің алдын алуға бағытталған дәріс сабақтар, дөңгелек үстелдер жиі өткізілуде. Бүгін ППУ жастар ісі жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру тақырыбында лекция өтті. Оған Павлодар облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Ирина Темірғалиева қатысып, есірткіге тәуелділіктің алдын алу тақырыбында дәріс оқыды.
- Өкінішке қарай есірткіге тәуелді болған азаматтардың арасында студенттер де бар. Мәселен, Павлодар политехникалық колледжінен, Павлодар сервис колледжінен,Торайғыров университетінен анықталды. Бұл заңмен тиым салынған ауыр қылмыстық оқиға болғандықтан, мұндай адам денсаулығына зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырамын,- деді Ирина Темірғалиева.
Павлодар педагогикалық университетінің белсенді студенті Маржан Алтыбаева есірткіге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырған азаматтарға, бүгінгі шараның спикеріне алғысын білдірді.
- Өткен жылы есірткіге қарсы қарсы көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұған студенттер де белсенді қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар талай адамның өмірінің жақсы жағына өзгеруіне әсер етті деп ойлаймын. Сондықтан мұндай жиындарға бірінші курс студенттерін де қатысуға шақырамын, - деді ол.