КҮН ТӘРТІБІНДЕ: ОБЛЫС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ!
18.02.2022
Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенгелдин Бауыржан Сатыбалдыұлы бастаған университет өкілдері Павлодар қаласындағы №36 ЖОББ мектебінің ұжымымен және оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында директор Ахмадова Зәуреш Дәуленқызы әріптестеріне мектептің бүгінгі жұмысы мен жоспарлары туралы айтып берді. Қонақтар қызықты материалдар мен экспонаттардан тұратын экологиялық мұражаймен таныстырылды.
Университет ғалымдары бұл жобаға қызығушылық танытып, ұжымға алдағы жұмыста қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Айта кетерлігі, Павлодар қаласындағы №36 мектеп – университет пен колледжіміздің студенттері үшін негізгі тәжірибе базаларының бірі болып табылады. Бүгін университет пен мектеп өкілдері болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің тәжірибесіне арналған қорытынды конференцияға қатысты. Студенттер өз сөзінде мектеп мұғалімдерінің, әсіресе, сабаққа әдістемелік дайындықта үлкен көмек пен қолдау көрсететінін атап өтті.
Тәлімгерлермен бірге дайындалған сабақтар мен іс-шаралардан мазмұнды материалдар жинақтаған студенттердің есеп беру портфолиосы соның дәлелі. Зәуреш Дәуленқызы колледж студенттерінің жақсы дайындықтарын атап өтіп, оларды оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа шақырды, жас маман үшін алғашқы еңбек ұжымын таңдау өмірдегі маңызды қадам екенін айтты.
10-11 сынып оқушыларымен кездесу де өте қызықты өтті, олар педагогикалық университетке түсу туралы сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Жоғары оқу орнының өкілдері түлектерге сұранысқа ие мамандықтар туралы, мұғалімдерге мемлекеттік тарапынан жасалып жатқан жағдайлар, Қазақстанның білім және ғылым жүйесінде қандай өзгерістер болып жатқаны туралы айтып берді.