Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖАТЫР

23.10.2023

Марғұлан университетінің қосымша білім беру институтының базасында "Күміс университеті" жобасының үшінші маусымы басталды. Қосымша білім беру институтының директоры Роза Жаеваның айтуынша, курсқа жалпы 70 тыңдаушы жазылған. Барлығы 60 жастан асқан зейнеткерлер. Олар қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, арт-терапия сабақтары мен салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы лекцияларды тыңдайды.

Курсқа қатысушы зейнеткерлер арасында кезінде Павлодар педагогикалық институтында, мектепте, зауытта, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген жасы клген адамдар бар.

Сабақ қазан айының басында басталған, енді оқу жылының соңына дейін жалғасын табады. Қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталады.

Зейнеткер Надежда Корниенко әрқашан мемлекеттік тілді үйренгісі келетінін, бірақ ондай мүмкіндік болмағанын айтады. «Павлодар мұнай-химия зауытында жұмыс істедім, қазір зейнеткермін. Педагогикалық университеті "Күміс университеті" тыңдаушыларын жинап жатқанын білгенде, бірден телефон соғып, жазылдым, себебі менің қазақ тілін жетік меңгеруге деген ынтам зор», – дейді Надежда Алексеевна.