МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ТҮРКИЯ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БІРГЕ ҚОС ДИПЛОМДЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫН БАСТАДЫ
27.09.2024
Марғұлан университеті мен Токат Газиосманпаша университетінің (Токат қ., Түркия) бірлескен жұмысының нәтижесінде ағымдағы оқу жылының қыркүйегінде «Тарих» магистратура бағдарламасы бойынша қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Келісімге қол қою алдында екі мемлекеттің тиісті министрліктерінің нормативтік құжаттарының сәйкестігін ескере отырып, екі университеттің білім беру бағдарламаларының мазмұнын үйлестіру бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді.
2023 жылдың қазан айында ректор Жанбол Октябрьұлы Жилбаев бастаған Марғұлан университетінің делегациясы Токат Газиосманпаша университетіне іс-сапармен барды, сол сапар барысында қос дипломды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Токат Газиосманпаша университетінің ректоры Фатих Йылмаз мырза Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда Марғұлан университетімен тығыз ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін жеткізді.
2024 жылдың мамыр айында Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының тізіліміне «7M01611 – Тарих» білім беру бағдарламасы енгізілді. Осындай жұмыс Токат университетінде де жүргізілді, нәтижесінде 2024 жылдың 11 қыркүйегінде Түркияның Жоғары білім министрлігі «Тарих» және «Шетел тілі: екі шет тілі» қос дипломдық бағдарламаларын бекітті.
Қазіргі уақытта академиялық ұтқырлық аясында университеттер арасында студенттер мен оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта екі университет ғалымдары бірлесіп ғылыми зерттеу жобаларын іске асыруға да назар аударылуда.