Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАРИХ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

23.10.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Тарих апталығының салтанатты ашылуы өтті.
Жиынға қатысушыларға т. ғ. к., доцент, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова мен т. ғ. д., гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Гүлфира Өтепова құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараның қонақтары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының (Астана қ.) өкілдері болды. Көрме және оқу залдарын есепке алу, сақтау, жұмысын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Анар Баймағамбетова және ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы Гүлсім Бисенова орталықтың жұмысына тоқталып, сирек кітаптар мен қолжазбалар қойылған «Ұлы дала мұрағаттары» көрмесімен таныстырды.

Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің өлке тарихын зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева мен Павлодар облысы мемлекеттік мұрағаты басшысының орынбасары Надежда Кубик Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханаға «Павлодар Ертіс өңіріндегі 1930-1950 жылдардағы поляктар мен поляк азаматтары» құжаттар мен материалдар жинағын сыйға тартты.

Іс-шараға гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенттері, сондай-ақ Торайғыров Университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. 23-30 қазан аралығында өтетін Тарих апталығында студенттер үшін түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады: ашық дәрістер, көрмелер, квест ойыны, сөздік презентациясы, дөңгелек үстел және т.б.

Республика күнін мерекелеуге арналған «Мен Қазақстан азаматымын» атты үздік бейнероликке 1 курс студенттері арасында байқау жарияланды.
Іс-шара соңында «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Әбдірахманов «Тарих апталығына» дайындалуға атсалысқан әріптестері мен серіктестеріне алғыс хаттар табыс етті.