Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВРЕСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «ERTIS» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТАҢҒЫ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ

20.11.2023

Марғұлан университетінің қолөнер шеберлері аптаның алғашқы жұмыс күнін аймақтың басты арнасының таңғы бағдарламасымен бастады. Бүгін «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының студенттері облыстық «Ertis» телеарнасының «Жаңа күн» таңғы бағдарламасына қатысты. Сонымен қатар, «Халық» радиосының жастар хабарына қатысып, әуе толқының тұрақты тыңдармандары үшін сұхбат берді.

Телеарнаның таңғы бағдарламасына оң қолынан өнер тамған жас қолөнер шеберлері Самалхан Мұрат, Камила Әбілова, Аяла Әжімхан және халықаралық «Шабыт» байқауының жүлдегері Әмина Нығыманова сынды студенттер шақырылып, төржәшіктің таңғы көрермендері үшін тамаша сұхбат берді. Хабар жүргізушісі-журналист Байтұрсын Жұмабай біздің студенттерден бүгінгі күнге дейін қатысқан байқаулардағы жетістіктері, болашақта қолға алатын жобалары мен алға қойған мақсаттары және сәндік қолөнер бұйымдарының жасалу жолдары мен қиындықтары жайлы сұрады.

«Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының 4 курс студенді Әмина Нығыманова халықапалық «Шабыт» байқауына «Киім дизайны» номинациясы бойынша қатысып, 2 орын иегері атанған болатын. Байқау екі турмен өтіп, бірінші кезеңге этностильде жасалған топтама жұмыстарын жіберген. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар қылқалам өнері бойынша сынға түсіп, «Туған өлке» тақырыбында сурет салды.

- «Шабыт» байқауына қатысу арқылы өзімнің бірінші курстан бері алған білімімді сынап көруге мүмкіндік алдым. Сонымен қатар, әр өңірден келген шеберлермен, суретшілермен тәжірибе алмастық. Болашақтағы басты мақсатым – ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу. Сонымен қоса киімдер топтамасын толықтырып, этностильдегі киім брендін қалыптастыруды жоспарлап жүрмін. Себебі қазіргі уақытта заман талабына сай тігілген этностильдегі киімдер Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде сәнге айнала бастады. Мұндай туындылар үй жайында ғана емес, сыртқы әлеуметтік-қоғамдық ортада да қолданылуда, - деді Әмина Нығыманова.