МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІ «111» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫН ӨТКІЗДІ
30.11.2023
«111». Бұл Марғұлан университеті жанындағы «Ғибрат» шығармашылық ұжымының бүгін ғана сахнаға шығарған жаңа қойылымының атауы. Спектакльдің премьерасы облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында өтті.
Осы жерде қойылымның атауы не үшін «111» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл қоғамдағы зорлық-зомбылыққа, яғни отбасындағы балаларға немесе әйелдерге қатысты орын алған құқық бұзушылықты хабарлауға арналған жедел желінің нөмірі. Ендеше жаңа спектакльдің мазмұны да қоғамдағы әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты қатаң айыптау. Яғни әлдінің әлсізді, үлкендердің кішілерді қорқыту, қорлауына бүкіл адамзат баласының қарсы екенін сахна тілімен жеткізу.
«111» сахналық қойылымының сценарийі белгілі жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасының желісі бойынша жазылған. Сценарий авторлары-Орынбасар Ермек пен Еркеш Сая.
Қойылымның режиссері- Арайлым Сүндет.
Басты рөлдерді MU студенттері Аян Давлетяров пен Жанерке Досжанқызы сомдады.
«111» сахналық қойылымының бас кейіпкері Айша есімді қыз. Мен сол Айшаның рөлін сомдадым. Ол өте нәзік қыз және сондай ауыр тағдыр иесі. Осындай кейіпкерді сахналау маған ауыр болды. Бірақ сәтті шықты деп ойлаймын. Осы қойылым арқылы бір адамның болса да жүрегіне ой салар болсақ мақсатымыздың орындалғаны болар еді,-дейді Жанерке.
Жас актерлердің сахнадағы шеберлігіне көрермен қауым да ерекше тәнті болып, алған әсерлерімен бөлісті.
- Сахналық қойылымдарға арналған көптеген материалдар игерілмей жатыр. Соларды сахнаға шығарып, көрерменге жеткізу бүгінгі өнер саласында жүрген жастардың міндеті. Қоғамдағы толғақты дә өзекті мәселелерді дәл осылай өнер тілімен жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан, «Ғибрат» шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз, алар асуларыңыз биік болсын, - деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан.