Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

24.10.2023

Бүгін Марғұлан университетінде Республика күніне арналған «Мәңгілік жаса, қыран ел!» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мерекелік құттықтауы көрсетілді. Шараға университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, барша оқытушылар қауымын Республика күнімен құттықтады.

- Сіздерді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен құттықтаймын.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында Республика күні мерекесін жаңғыртуды ұсынған болатын. Міне, араға 13 жыл салып, 25 қазан Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта оралды. Бұл мереке еліміздің игілігі үшін баға жетпес құндылық.Бұл мерекенің мәні мен маңызын жас ұрпаққа дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын, айбынымызды асыратын іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтуіміз қажет, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Осы жиын барысында Марғұлан университетінің бірқатар қызметкері әртүрлі деңгейдегі жоғары наградалармен марапатталды.Университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, университеттің дамуына, ғылым және жоғары білім саласының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар қызметкер, профессор-оқытушылар ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Одан бөлек Павлодар қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Павлодар облыстық маслихатының Алғыс хаты да өз иелерін тапты.

Ал педагог кадрларды даярлауға, университеттің дамуына зор үлес қосқан отыздан астам оқытушыға «Ұстаздар ордасына 60 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Салтанатты шара университетіміздің өнерлі студенттерінің Республика күніне арналған мерекелік концертімен жалғасты.