МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
27.01.2025
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне Түркістан облысы әкімдігінің ресми өкілдері келіп, университет басшыларымен және декандарымен кездесу өткізді. Мақсаты - мемлекеттік “Серпін” бағдарламасының жұмысын күшейту және осы жоба бойынша адам көп шоғырланған оңтүстік өңір жастарын Ертіс-Баян өңіріне тарту. Түркістандық делегацияны Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Ержан Әмірбекұлы қабылдап, екі тарапқа ортақ тақырыптың түйінін бірлесіп шешу мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімдігі мен Марғұлан университеті арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.
- Оңтүстік өңірден балалардың келуі жылдан жылға азайып келеді. Оған әсер еткен бірнеше себеп бар. Мысалы, жергілікті атқарушы оргындар мен “Қазақстан халқы “ қоғамдық қоры гранттарының көбеюі. Сондықтан, бұл бағыттағ ыжұмыстарды қайта ширату керек. Бізде жоғары білім беру сапасы өте жоғары, Павлодар облысы PISA көрсеткіші бойынша Қазақстанда алдыңғы бестікке кіреді. Сондықтан, біздің университетке оңтүстік және батыс өңірлерден балалар көптеп келсе қуана-қуана қарсы аламыз. Біздің өңірде жұмыс орындар жеткілікті. Сондықтан, жастар осында білім алып, тұрақтап қалып жатса облыстар арасындағы қарым-қатынастар реттелетін еді, - деді Ержан Әмірбекұлы.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресрустық орталығының” басшысы Ернар Бектаевтың айтуынша, бұл өңір еліміздегі адам капиталы бойынша ең бай облыстардың бірі. Яғни, биыл 32 мың оқушы мектеп бітіреді. Сондықтан, өңір жастарын мемлекеттік “Серпін” бағдарламасы арқылы солтүстік өңірлерге білім алуға жіберу бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеттердің бірі болып саналатынын атап өтті.
- Біздің “Ертіс Баян” өңіріне келудегі басты мақсатымыз - «Серпін» бағдарламасын қайта жандандыру. Яғни, халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңір жастарына жұмыс күшін қажет ететін солтүстік өңірлерге, соның ішінде индустриялды аймақ саналатын Павлодар облысына тарту жұмысын тиімді жүзеге асыру. Себебі “Серпін” жобасы оңтүстік пен солтүстік өңірді байланыстырып отырған алтын көпір екені мәлім. Міне, сол үшін осы жердегі университеттердің жағдайымен, материалдық базасымен танысуға келдік. Марғұлан университетінде оңтүстіктен келген студенттер үшін жақсы жағдай жасалған екен. Осыдан он жыл бұрын түсіп, жұмысқа орналасқан студенттермен де таныстық. Осыны түркістандық түлектерге де жеткізетін боламыз, - деді Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімі “Жастар ресрустық орталығының” басшысы Мейірбек нұршарифиддин.
Түркістандық делегация университеттің кәсіби бағдар беру бөлімі басшылығымен және декандармен кездесіп, “Серпін” бағдарламасын тиімді іске асыру мәселесін талқылады. Кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова университетте серпіндік студенттерге ерекше жағдай жасалып отырғанын айтты. Сонымен қатар, үгіт-насихат науқаны кезінде оңтүстік өңірлердің мектептерін аралау, оқушылармен кезедсу жұмысын бірлесіп ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.