Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

21.01.2025

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Ержан Әмірбекұлы өңірдегі БАҚ басшыларымен, республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілерімен кездесті. Университет басшысы алдымен өзін таныстырып, одан кейін оқу ордасының алдында тұрған жоба-жоспарлармен және мақсат-міндеттермен бөлісті.
- Алдымызда өте ауқымды әрі маңызды жұмыстар күтіп тұр. Марғұлан университеті осы Ертіс-Баян өңіріне қарасты оқу орны болғандықтан алдағы жоспарларымызды сіздермен де бөлісуде жөн санап отырмын. Мен осы қызметке келгеннен кейін алдымызға үш үлкен міндет қойып отырмын. Оның біріншісі – Академиялық артықшылық орталығын қалыптастыру. Бұл орталықтың ерекшелігі – мемлекеттен қаржы бөлінеді. Сондықтан, осы жобаны биыл біз ұтып алуымыз керек деген мақсат қойып отырмыз. Егер, ұтып алатын болсақ, мемлекет тарапынан үш жыл қатарынан 1 миллиардтан қаражат беретін болады. Сол ақшаның 70 пайызын құрал-жабдықтарды жаңартуға, зертханалық базаны нығайтуға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға және еңбекақыны көтеруге жұмсайтын боламыз, - деді Ержан Әмірбекұлы.
Университет басшысының айтуынша, биыл қолға алынатын маңызды жобалардың бірі – университетті тағы бір ірі ғимаратпен толықтыру. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылдануда.
- Жақында облыс және қала әкімшілігіне бір ғимарат тауып беру жөнінде өтініш айтқан едік, олар да құптап, Олжабай батыр көшесінің бойында бос тұрған бір ғимаратты беруге ниет білдірді. Егер сол ғимаратты университет меншігіне беретін болса жартылай оқу корпусы, жартылай жатақхана ретінде кәдемізге жарататын боламыз. Себебі, ғалымдар алаңсыз ғылыммен айнылсуы үшін оған қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырып беруіміз керек. Үшінші бағытымыз - ұжымға «Бақыт формуласы» енгізу. Жалпы, бақыт дегеніміз не деген сұраққа қысқаша жауап берер болсақ, ол таңертең жұмысқа асығып келу, кешке үйіне асығып қайту. Яғни, біздің әріптестеріміз таңертең тұра сала жұмысқа баруға, ондағы әріптестерін көруге асығып тұруы керек. Әрине, ол үшін жұмыс орнынан жақсы еңбекақы төленіп, осы ортаға дұрыс моральдық атмосфера орнауы қажет, - деді университет басшысы.
Кездесу барысында облыстық «ERTIS» телеарнасының директоры Жұмабек Сманов, «Ertis Media» ЖШС директоры Руслан Біләлов, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, «Айқара» порталының бас редакторы Асыл Әбішев, «Аtameken business» телеарнасының меншікті тілшісі Есенбек Санатұлы, «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Қарлығаш Қасиетова сөз сөйлеп, ректордың жұмысына табыс пен сәттілік тіледі. Сондай-ақ, журналистер қауымы алдағы уақытта еліміздің білім-ғылым саласын нығайтуда бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін де білдірді.