MU ҚОСДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДА
24.02.2026
24–25 ақпанда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде British Council қолдауымен «Қосдипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу» тақырыбында воркшоп өтуде.
Шараға ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, білім беру бағдарламалары мен құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, жоғары мектеп декандары қатысады.
– Екі күндік бағдарлама аясында қатысушылар кредиттік оқыту жүйесі жағдайында қосдипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі мәселелері, шетелдік серіктестермен оқу жоспарларын үйлестіру ерекшеліктері, ұлттық және халықаралық заңнама талаптары жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар мұндай бағдарламаларды іске қосу барысында туындайтын ұйымдастырушылық-академиялық кедергілерді қарастырады, – деді воркшоп ұйымдастырушысы, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Алия Жолдабаева.
Шақырылған спикер ретінде Қазақстандағы British Council білім беру бағдарламаларының жетекшісі Надежда Трубова сөз сөйледі. Ол Қазақстанда қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың нормативтік-құқықтық базасы мен институционалдық негіздеріне шолу жасады.
Екінші күні қатысушылар топтық жұмысты жалғастырып, Марғұлан университетінде қосдипломды білім беруді дамытуға арналған басым білім беру бағыттарын айқындайды.