Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ "ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЫНЫПТАР" ЖӘНЕ "MUGALIM PAVLODAR" ЖОБАЛАРЫ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНЫҢ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

09.10.2024

2021 жылдан бастап Марғұлан университеті "Педагогикалық сыныптар" жобасын іске асыруда, оған болашақта мұғалім мамандығын таңдаймын деген 8-11 сынып оқушылары қатысады. Меморандум аясында университет облыс орталығындағы №2 орта мектебімен, Майқайың кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектебімен, Железин ауданындағы "Хусни" қыздар гимназиясы және Екібастұздағы "Парасат" интеллект мектебі сынды бірнеше оқу орындарымен белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ, М.Әлімбаев атындағы мектепте "Педагогикалық сыныптың" жұмысын қайта бастау жоспарлануда.
Университеттің кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнар Мұсанова атап өткендей, педагогикалық сыныптар оқушылардың болашақ мамандықты таңдауға саналы түрде жақындауы және мұғалім жұмысының ерекшеліктерімен жақынырақ танысуы үшін құрылған.
-Кездесудің мақсаты - болашақ педагогтарды қалыптастыруға және білім сапасын жақсарту болды. Бүгінгі таңда болашағын мұғалім мамандығымен байланыстырғысы келетін оқушылар көп, соларды қолдау бүгіннен басталады, - дейді Гүлнар Мұсанова.
Жоба жетекшісі Мәди Әміров студенттер мен оқушыларды тәжірибе және білім алмасу үшін біріктіретін "Mugalim Pavlodar" жобасының маңыздылығы мен мақсаттары туралы айтып берді. Жобаға университеттің 1-4 курс студенттері қатысады, олар оқушыларды қолдауға бағытталған білім беру бастамаларын әзірлеумен және іске асырумен белсенді айналысады.
Мұндай ынтымақтастық студенттердің тәжірибесін шыңдап қана қоймай, оқушыларға педагогикалық мамандықтың ерекшеліктерін жақсы түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ, өз мектептерінде білім беру ортасын дамытуға бағытталған өз жобалары мен бастамаларын құра алады.