МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ
19.11.2024
Бүгін Марғұлан университетінде «Білім берудегі АКТ: жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Педагогикалық шеберлік орталығы» директорының орынбасары Толқын Айдосова, Қосымша кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Зейнолдина, ПШО Петропавл қаласындағы филиалының менеджері Алексей Деревянкин сынды білікті мамандар өткізді.
Педагогикалық шеберлік орталығының мамандарын алдымен Марғұлан университеті басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев қабылдап, университет жетістіктерімен, қолға алған жобаларымен таныстырды.
- Біз Назарбаев зияткерлік мектебімен серіктес ретінде бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Педагогикалық шеберлік орталығы республика бойынша 51 университетпен тікелей жұмыс істеп, мұғалімдердің шеберлігін арттыруда. Соның ішінен Марғұлан университетін таңдап, семинар өткізуге ұсыныс жасады.Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік және сенім. Сондықтан, бұл семинар біздің оқытушылар үшін тиімді болады деп санаймын, - деді Жанбол Жилбаев.
«Педагогикалық шеберлік орталығы» директорының орынбасары Толқын Айдосованың айтуынша, педагогикалық даярлау курстары 5 мамандық бойынша жұмыс істейді. Бұл Марғұлан университетінде ұйымдастырылған екінші семинар. Сабақтың мақсаты – білім беру саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру, білім беру практикасына жасанды интеллект құралдарын тиімді және қауіпсіз интеграциялау бойынша ұсыныстар әзірлеу.