МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ТАШКЕНТКЕ БАРДЫ
13.11.2024
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Педагогика жоғары мектебі деканының міндетін атқарушы, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Б.М.Жапарова, «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Г.С.Аяпбергенова және аға оқытушы М.С.Утегенова зерттеу жобасы аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына барды. Онда Хлебушкина атындағы «Мехрибонлик-22» балалар үйіне, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетіне және Өзбекстанның Қазақ ұлттық мәдени орталығына бары, кездесулер өткізді. Сапардың мақсаты — Ташкенттегі ең көне балалар үйінің жұмысымен танысу және жетім балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасу болды.
Сапар барысында делегация мүшелері Хлебушкина атындағы «Мехрибонлик-22» балалар үйінің меңгерушісімен және қызметкерлерімен кездесіп, балаларды тәрбиелеу мен қолдаудың негізгі әдістері туралы пікір алмасты.
- Олар балалар үйінің күнделікті қызметімен, сондай-ақ жетім балалардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету шараларымен таныстырды. Аталмыш мекеменің психологы Нелюфар ханыммен бірге балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету тәсілдерін және әлеуметтік желілер арқылы көрсетілетін көмек түрлерін талқыладық. Бұл талқылау барысында психолог балалардың эмоционалдық және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған әдістерімен бөлісті, - деді Бағлан Жапарова.
Сондай-ақ, екі тарап балалардың қоғаммен байланысын нығайтуға, оларды дамытуға арналған жаңа тәсілдер туралы ойларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды.