МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ БОЛГАРИЯҒА БАРДЫ
30.01.2024
2023 жылдың қыркүйек айында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Эразмус+ бағдарламасының «Денсаулығы бұзылған және ерекше қажеттіліктері бар жастарды сауықтыру бойынша академиялық серіктестік» тақырыбы бойынша консорциум құрамына енген болатын. Консорциумға 9 мемлекеттен білім және ғылыми ұйым кіреді. Олар Болгария, Түркия, Италия, Хорватия, Сербия, Эстония, Венгрия, Молдова және Қазақстан оқу орындары.
2023 жылдың 20 желтоқсанында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында ғылыми-зерттеу тобы құрылды. Оның жееткшісі болып «Өнер және спорт жоғары мектебінің» оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Евгений Кольев тағайындалды.
2024 жылдың 22-26 қаңтары аралығында Болгарияның Стара-Загора қаласында жобаны іске асырудың жоспары мен стратегиясын талқылауға бағытталған бастапқы кездесу өтті. Жиынға барлық серіктестер қатысты. Қазақстан тарапынан Марғұлан университетінің оқытушылары Кольев Евгений Олегович және Алпысбай Нұрболат Айлпысбайұлы барды.
Кездесу барысында жоба үйлестірушісі – Тракья университетінің (Болгария) өкілі, профессор Дарина Заимова жобаны басқару және қаржыландырудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар Эразмус+ талаптарына жаңа өзгерістер туралы хабарлады. Барлық серіктестердің өкілдері өздерінің университеттерімен және жобаны жүзеге асыру жоспарымен таныстырды. Кездесу соңында барлық қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, кездесуді ұйымдастырған Дарина Заимоваға үлкен алғыстарын білдірді.