МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ФРАЙБУРГ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДА БІРЛЕСКЕН ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
18.03.2024
Марғұлан университетінің делегациясы Германияның Фрайбург қаласындағы Альберт және Людвиг университеттерінде болды. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздер мен бірлескен ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Қоршаған орта және табиғи ресурстар институтымен меморандумға қол қойылды. Бұл - THE рейтингіне енген және Германияның ұлттық рейтингінде үздік үштікке енген институт болып табылады.
Фрайбург университеті мен Марғұлан университеті биологтарының бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының тарихы тереңде, ғылыми нәтижелері де жоғары. Осылайша, соңғы үш жылда екі университеттің ғалымдары «Қазақстандағы жаһандық климаттық өзгерістердің салдарын зерттеуге үлес ретінде экофизиологиялық өлшеулердің заманауи әдістерін енгізу» халықаралық жобасын жүзеге асыруға қатысты.
Осы жоба аясында Марғұлан университетіне құны 20 миллион теңгеден асатын бірегей гидрометеорологиялық құрал-жабдықтар алынды. Жоба жетекшілері – биология ғылымдарының докторы, профессор М.Хаук (проф. доктор Маркус Хаук, IH 38) және биология ғылымдарының докторы, профессор Ч.Дуламсурен (доктор Чоймаа Дуламсүрэн, IH 36) осы жылдың қаңтар айында аталған құрылғыларды таныстыру мақсатында Марғұлан университетіне келген болатын.
Қазіргі уақытта алынған құрал-жабдықтар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Баянауыл ұлттық паркінің өсімдіктер бірлестігінің ағымдағы жай-күйі мен динамикасын бағалау» гранттық қаржыландыру жобасын зерттеуде пайдаланылуда. Аталған ғылыми жоба 2023 жылы Марғұлан университеті жанындағы Экологиялық зерттеулердің биоценология ғылыми орталығының базасында басталды.
Сапар барысында екі университет басшылығы ынтымақтастықтың алдағы перспективаларын талқылады. Қазіргі уақытта екі университеттің ғалымдары «CAsia-EcoClimNet» экологиялық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы пәнаралық бастама жобасымен Германияның Федералдық білім және зерттеулер министрлігінің ғылыми зерттеу байқауына қатысуға жаңа өтінім берді.
Меморандум аясында Марғұлан университетінің оқытушылары, магистранттары мен докторанттары үшін Фрайбург университетінде тағылымдамадан өту және профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттердің академиялық ұтқырлығы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Фрайбург университеті (Альберт-Людвигс-Университет Фрайбург) Германиядағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Университет бірнеше беделді халықаралық бірлестіктердің, соның ішінде Оксфорд және Кембридж университеттерімен бірге Еуропалық зерттеу университеттері лигасының (LERU) мүшесі болып табылады.