MU КТК КОМАНДАСЫ «ЖАЙДАРМАННЫҢ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҚ ЛИГАСЫНА ӨТТІ
26.02.2025
Бүгін Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы оқу орнымызды қазақша көңілді тапқырлар клубы лигасы – «Жайдарман» арқылы таныстырып жүрген дарынды студенттермен кездесті. Олар Астанада өткен республикалық «Маусымашар-2025» КТК ойынында сәтті өнер көрсетті.
Биыл университеттен екі команда қатысты. Олар: «Қалың малым 5 млн.» (қыздар) және «Марғұлан» (жігіттер). Бес күнге созылған қызықты әрі тартысты ойын нәтижесінде бұл командалар Талдықорған мен Павлодар қалаларында өтетін республикалық аймақтық лигаға жолдама алды.
Айта кетейік, «Маусымашар-2025» фестиваліне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық команда қатысты.
Ректормен кездесуде студенттер ойыннан алған әсерлерімен бөлісіп, жетістіктері туралы әңгімеледі. Өз кезегінде Ержан Әмірбекұлы оларды сәтті өнер көрсетулерімен құттықтады. Жастардың шығармашылық қабілетін, командада жұмыс істеу дағдыларын және көшбасшылық қасиеттерін дамытуда мұндай шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.