МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІ» ЖОБАСЫНЫҢ ҮШІНШІ МАУСЫМЫ АЯҚТАЛДЫ
03.06.2024
Бүгін «Күміс университеті» жобасының 2023-2024 оқу жылы бойынша қосымша білім алған 85 ардагер арнайы сертификатпен марапатталды. Шараға университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, бітірушілерді құттықтады.
-«Күміс университеті» жобасы 2021 жылдан бері министрліктің бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Елімізде 35 университетте зейнетке шыққан үлкен кісілер қосымша білім алып, өздерінің бос уақыттарын тиімді өткізуде. Марғұлан университетінде алғашқы жылы 25 түлек бітірсе, екінші маусымда 60-тай тыңдаушы бітірді. Ал биылғы жылы 85 адам сертификат алып жатыр. Жалпы, үлкен кісілердің цифрлық сауаттылыққа, сурет салуға, ағылшын тіліне қызығуы қуантады. Осы үйренген білімдеріңіз алдағы уақытта кәделеріңізге жарайды деген сенімдеміз, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Қосымша білім беру институтының директоры Роза Жаеваның айтуынша, жоба басталғаннан бері 120-дан астам
ардагер курсқа жазылып, қосымша білім алған. Барлығы кезінде осы университетте түрлі жауапты қызмет атқарып, кейін зейнеткерлікке шыққан үлкен кісілер. Олардың арасында екі-үш жыл қатарынан оқып жүргендер де бар.
-«Күміс университеті» жобасының қатысушылары үшін қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, салауатты өмір салтын қалыптастыру, шығармашылық бағыттар бойынша сабақтар жүргізілді. Сабақтарды университеттің тәжірибелі оқытушылары өткізді. Барлық қатысушылар белсенділік танытып, өздерінің іздегенін үйренді деуге болады. Қазір бұл кісілер компьютер қолдануды, ұялы телефон арқылы коммуналдық шығындарды төлеуді, бір-бірімен хат алмасуды үйренді,-деді.
Қатысушылардың атынан университет ардагері Қарлығаш Дәндібаева сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға және сабақ берген ұстаздарға алғыс білдірді.