МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ
08.12.2023
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымының оқу-әдістемелік және кадр жұмысы жөніндегі бас маманы Алма Арынова, проректорлар, декандар, профессорлық-оқытушылық құрам және университет қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде ППУ кәсіподақ комитетінің жұмысы туралы есеп, бақылау-тексеру комиссиясының есебі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын сайлау, кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясын сайлау, білім беру қызметкерлерінің облыстық есеп беру-сайлау кәсіподақ конференциясына делегаттарды сайлау туралы мәселелер қаралды.
ППУ оқытушылары мен қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің 2018-2023 жылдардағы жұмысы туралы кәсіподақ комитетінің төрайымы Роза Жаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік-экономикалық қолдауға және университеттің әлеуметтік-мәдени іс-шараларын өткізуге кәсіподақ қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру динамикасымен таныстырды.
Роза Райханқызы әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары: мәдени жұмыс, спорт және демалыс, әлеуметтік-ұйымдастыру мәселелерін шешу, соның ішінде еңбекті қорғау және жұмысшылардың құқықтарының сақталуын қадағалау туралы айтып, егжей-тегжейлі есеп беру деректерін ұсынды.
Мәдени-сауық саласында университет басшылығымен бірлесіп жыл сайынғы көптеген корпоративтік іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіледі. Кәсіподақ белсенділері мен басшылығы салауатты өмір салтын насихаттау және кәсіби өзін-өзі дамытуға бағытталған іс-шараларды толығымен қолдайды. Кәсіподақ комитетінің жұмыс бағытының бірі кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын жақсарту болып табылады.
Жыл сайын «Мойылды», «Көктем», «Бурабай», «Манкент», «Сарыағаш», «Алтын Қарғалы» демалыс орындарына 50 пайыздық жеңілдікпен жолдамалар бөлінеді. Жолдаманы өз бетінше сатып алған қызметкерлерге құнының 25% мөлшерінде университет кәсіподақ ұйымы төлейді. Жалпы есеп беру кезеңінде университеттің 200-ден астам қызметкері курорт пен санаторийлерде денсаулықтарын жақсартты.
Университет басшылығы, ардагерлер кеңесі, кәсіподақ комитеті ардагерлермен жұмысты ұйымдастыру мәселесіне үлкен көңіл бөлуде. Бүгінде университетте 100-ден астам ардагер бар. Кәсіподақ өз ардагерлерін тек Қарттар күнінде ғана емес, құрметтейді. Олар Ұстаздар күні, 9 мамыр және мерейтойларда да назардан тыс қалмайды.
Ардагерлерге материалдық және ақшалай көмек көрсетіліп, демалыс базасына жолдамалар беріліп, өңірлік газеттерге тегін жазылу ұйымдастырылуда. ЖОО-да «Күміс университет» жобасы жүзеге асырылуда, онда ардагерлер компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, қазақ тілі, кескіндеме негіздері, йога бойынша тегін оқытылады. Ардагерлер хоры ұйымдастырылды.
Баяндама бойынша пікірсайыста философия ғылымдарының докторы, доцент Қуанышғали Нығметжанов, өнер және спорт жоғары мектебі вице-деканы Наталья Пантова, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Шетел тілі: екі шет тілі» ББ бағдарламасының оқытушысы Гүлсара Марденова, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, PhD Айгүл Садықова, педагогика ғылымдарының докторы, педагогика жоғары мектебінің профессоры Назымгүл Асенова сөз сөйледі. Конференцияға қатысушылар кәсіподақ комитетінің қызметіне бірауыздан жоғары баға берді.
Жиынға қатысушылар әлеуметтік әріптестікті дамыту және нығайту, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалап, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, қызметкерлердің демалысын ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқан өз ісінің нағыз жанашырлары - кәсіподақ белсенділеріне алғыстарын білдірді. Олар дене шынықтыру және спорт жұмыстарына, жастармен жұмыс істеуге, университеттің озық дәстүрлерін сақтауға үлкен көңіл бөлетінін айтты. Әріптестер кәсіподақ комитетінің жетекшісі Роза Жаеваның ерекше рөлін, оның ұжымды біріктіре алатын, қызметкерлермен қарым-қатынас орната алатынын, адамгершілігі мен өз ісіне деген адалдығын атап өтті.
Конференцияға қатысушылардың бірауыздан қабылданған шешімімен Марғұлан Университеті кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жаева және кәсіподақ белсенділерінің бүкіл тату ұжымы алдағы бес жылдық мерзімге сайланды.