Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫНА «ХҰСНИ» ҚЫЗДАР ГИМНАЗИЯСЫН АШТЫ

02.11.2023

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің бастамасымен Железин ауылында қыздарға арналған педагогикалық бағыттағы «Хұсни» гимназиясы ашылуда. Осы орайда Марғұлан Университеті мен Железин аудандық білім бөлімі арасында ынтымақтастық туралы арнайы меморандум жасалды.

Келісімді жүзеге асыру аясында Марғұлан Университетіндегі «Арнайы педагогика» және «Мектепке дейінгі тәрбие» бағдарламаларының жетекшілері жұмысқа кірісіп кетті.

Марғұлан Университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко, жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Ермек Ғабдуллин, «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының жетекшісі Зульфия Шавалиева, кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова Железин ауданына барып, мектеп директорларымен кездесті.

Жиын барысында университет пен мектептер арасындағы бірлескен жұмыстарды күшейту мәселесі талқыланып, арнайы жоспар құрылды. Атап айтқанда, дарынды балалармен жұмыс жүргізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыру және жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, гимназия қазақтың тұңғыш ұстазы Хұснижамал Нұралыханованың есімімен аталады. Жәңгір ханның үлкен ұлы Зұлқарнайдың қызы Хұсни-Жамал Қазан Земство мектебін бітірген. Ол ХІХ ғасырдың аяғында қазақ қыздарына арналған тұңғыш мектеп ашып, халық ағарту ісіне зор үлес қосты.

Марғұлан Университетінің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко ЖОО-да дарынды балаларды ұстаздық кәсіпке тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып, мұғалімдік мамандыққа бейім балаларды анықтау және қолдау мақсатында ерте профильдеу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«Өткен жылы біз облыс мектептерінде педагогикалық сыныптар аштық. Қазір облыстың шалғай аудандарының бірінде дарынды қыздарға арналған гимназия ашып жатырмыз, өйткені қала мен ауыл оқушыларының білім алшақтығын азайтуға күш салып жатырмыз», – дейді Ольга Константиновна.

Қазақ және орыс тілдерінде оқытатын гимназияның екі сыныбына Железин ауылындағы №1, №2, №3 орта мектептердің 8-11 сынып оқушылары қабылданады. Университет оқытушылары жоспар бойынша айына екі рет кбарып сабақ өткізеді.

Сабақтар негізінен болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту, адамгершілік-этикалық тәрбие беру, шығармашылық әлеуетін ашу мәселелеріне арналады.