МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕ ЖАҢА РЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
06.01.2025
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұжымына оқу орнының жаңа басшысы таныстырылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығы бойынша университеттің басқарма төрағасы-ректор қызметіне Ержан Әмірбекұлы тағайындалды. Ұстаздар ордасының жаңа басшысын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Вице-министр өз сөзінде жаңа ректордың бұған дейін атқарған қызметіндегі көрсеткіштері мен кәсіби біліктілігіне жоғары баға беріп, Марғұлан университетінің білім-ғылым сапасын нығайту, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жоғары деңгейге көтеру, бәсекеге қабылетті маман даярлау ісіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сонмымен қатар, Марғұлан университетін бүгінгі күнге дейін басқарған Жанбол Жилбаевтың министрлік тарапынан жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанын, соңғы жылдары университеттің жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін де тілге тиек етті. Жиын барысында университет ұжымы атынан "Ақылдастар алқасының" төрағасы, профессор Бақтияр Найманов, кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің басшысы Гүлнар Мұсанова, өнер және спорт мектебінің деканы Валентина Лебедева сөз сөйлеп, Жанбол Октябрьұлына ЖОО дамуы жолындағы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Ержан Әмірбекұлы - 1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін үздік бітіріп, еңбек жолын осы университетте оқытушы болып бастады. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасына түсті. 2004 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне оқытушы болып жұмысқа қабылданды. Осы жылдары оқытушы болып бастап, профессор, "Экономика"кафедрасының меңгерушісі секілді қызметтерді абыроймен атқарды.
2006-2009 жылдары докторантурада оқып, 2010 жылы докторлық диссертация қорғады. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комиссиясының бұйрығымен профессор атағы берілді. 2014-2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығында бөлім меңгерушісі болды. 2015-2018 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің Халықаралық бизнес мектебінің директоры, оқу ісі және ғылым жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. 2018-2020 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, 2020-2021 жылдары Тараз өңірлік университетінің проректоры, ректоры болды. 2021-2024 жылдары аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған.