Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ГОНКОНГ ПРОФЕССОРЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ

20.10.2023

Бүгін Марғұлан университетінде Гонконг Университетінің білім беру факультетінің қолданбалы педагогика кафедрасының профессоры Кэтрин Чан университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы үшін «Қазіргі заманғы жағдайда мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында семинар өткізді.

Педагогика саласындағы әйгілі халықаралық сарапшының дәрістері тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Оқытушылар мен студенттер ақпараттың тереңдігі мен көлемін, профессордың өз идеяларын аудиторияға түсінікті және қызықты етіп жеткізу қабілетін атап өтті.

Іс-сапар аясында Кэтрин Чан студенттермен кездесіп, өңірдегі мектептермен танысып, бакалавр, магистр, университет оқытушыларына және т.б. кеңестерін берді.

Профессор өзінің педагогикалық бай тәжірибесімен, дарынды балаларды тәрбиелеудегі білім беру саясатын, әзірлемелер мен бастамаларды бағалау және жүзеге асыру, бағалау жүйесін реформалау, білім беруде ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері бойынша теориялық және практикалық білімімен бөлісті.

Айта кету керек, Кэтрин Чанның басшылығымен 2002 жылы Гонконгта бастауыш білім мазмұнының «Оқытуды үйрену» (Learning to Learn) реформасы басталды. Ол орта мектепте жаңа академиялық құрылымды енгізуді үйлестірді, барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуымен мұғалімдер мен мектептерді қолдаудың инновациялық стратегияларын әзірледі, Гонконгта, Қытай материгінде және басқа елдерде орта және жоғары білім берудің даму траекториясын тұжырымдады. Реформалар студенттердің, мұғалімдердің және мектептердің дамуына жақсы әсер етті.

Кэтрин Чан өз дәрістерінде реформа тәжірибесін пайдалануға және түсінуге, педагог мамандығын байытуға, ғылыми зерттеулерді ынталандыруға және білімнің таралуына ықпал етуге ұмтылады.