Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

22.01.2025

Бүгін Марғұлан университетінде «Түзету кабинеттерінде психологиялық-педагогикалық іс-шараларды ұйымдастыру: Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және сүйемелдеу» тақырыбында облыстық семинар өтті. Іс-шараны Марғұлан университеті педагогика жоғары мектебінің «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасы Павлодар облысы білім беру басқармасының «Облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырды. Мақсаты - ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен түзету жұмысын ұйымдастыруда педагогтердің құзыреттілік деңгейін арттыру.
Семинардың ашылу салтанатына Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Абай Ермекұлы қатысып, баяндамашылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жиынға Марғұлан университетінің профессор-оқытушылары, Май, Успен, Ертіс, Павлодар, Аққулы аудандарынан келген әдіскерлер, педагог-психологтар, логопед, дефегтолог, сурдопедагог мамандары қатысып, тақырып аясында баяндамалар жасады. Спикерлер “Ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге арнайы педагогтарды даярлау”, “Ерекше білім қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына кеңес беру”, “Ерте қолдау қызметі және балалардың онтогенезіне сәйкес домендердің мазмұны”, “Сөйлеу тілінде кемістігі бар балаларға логопедиялық ритмиканы қолдану” және басқа да өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасап, өздерінің білімі мен тәжірибесі негізінде ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, түзету кабинеттерінде ерекше балаларды түзету-дамыту процесін дұрыс ұйымдастыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ерекшеліктерін терең зерделеу, олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету жөніндегі теориялық мәселелер мен ұсынымдар қаралды.
Семинар теориялық және практикалық бөлімдер бойынша офлайн және онлайн режимде өтті.