МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕР АЗАМАТТАРЫ ҰЖЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
07.03.2024
Бүгін Марғұлан университетінің ұжымы үшін ерекше күн болды. Оқу ордамыздың ер азаматтары Халықаралық әйелдер күніне орай әріптес ханымдар үшін ерекше мерекелік шара ұйымдастырып, нәзік жандарымыздың көңіліне шуақ сыйлады.
Мерекелік концерттің шымылдығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауымен түрілді. Университеттің басқарма төрағасы - ректордың міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев ұжымдағы барша әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтап, оқу орнының бүгінгі жетістігіндегі әйелдер қауымының еңбегін айрықша атап өтті.
- Құрметті ханымдар, сүйкімді студенттер! Сіздерді көктемнің ең көңілді мерекесі - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздермен бірге қызмет істеп әріптес болғаныма ризамын. Біздің университетте оқу орнымыздың атын шығарып жүрген әйелдер өте көп. Мысалы таяуда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі киелі Түркістанда біздің төрт әріптесімізді марапаттады. Бұл сол кісілердің ғана емес, бүкіл ұжымның жетістігі. Сондай-ақ, сегіз жас ғалым өте маңызды ғылыми жобаларға жетекшілік етіп келеді. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің шынайы көрінісі. Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңыздан табыс тілеймін,- деді Жанбол Жилбаев.
Университет басшысы өзінің құттықтау сөзінен кейін ұстаздық еңбекте, ғылыми зерттеулерде зор жетістікке жетіп жүрген қызметкерлерді Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мерекелік шара барысында шаруашылық департаментінің, жастар саясаты департаментінің және барлық жоғары мектептің жігіттері түрлі көрініс қойып, ән шырқады.