Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ АЛТАЙ ӨЛКЕСІНЕ БАРДЫ

19.04.2024

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, т.ғ.к. Анар Кәрімова бастаған жоғары оқу орнының делегациясы Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде болды. Сапар барысында университет жанындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ұйымдастырған Наурыз мерекесіне қатысты.

Екі оқу орнының ғалымдары ұзақ жылдар бойы ғылыми бағытта тығыз жұмыс жасап келеді. Ал осы сапар барысында халықаралық даму жөніндегі проректор Е.В. Кайгородовпен, институттардың директорлары П.В.Маркина және Т.А.Шеметовамен бірге алдағы жүмыстардың негізгі бағыттарын талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдан бері бұл университетте қос тараптың бастамасымен ашылған Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді.

-Біз ол жаққа құр бармай, өзіміздің сыйлығымызбен бардық. Жас ақынымыз Қайдаров Бексұлтан өзінің арнауын айтса, жыршы Салтанат Қисатова баянмен, әнші Камила Ескенова қобызбен ән салды. Алтай МПУ ол жақтағы қазақ диаспорасын қатты қолдайтынын көрдік. Ұлттық тағамдар жасап, жылы қарсы алды. Бұл мереке болашақ оқытушылар мен университет қызметкерлерінің сүйікті іс-шараларының бірі сияқты көрінді, - деді кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Мұсанова.

Алтай облысындағы «Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының төрағасы М.С.Бекмұратов Марғұлан университетінің басшылығына көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.