MU-ДЕ ПСИХОЛОГИЯ БОЙЫНША АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
27.02.2026
Марғұлан университетінде «Девиантты мінез-құлық психологиясы: қалай байқалады және қандай қауіп төндіруі мүмкін» тақырыбында ашық дәріс өтті.
Өткен жылдың қараша айында Марғұлан университетінде Психологиялық қолдау орталығы жастардың девиантты мінез-құлқын зерттейтін лабораториясын ашты. Жаңа лаборатория – ғылыми-практикалық алаң, сондай-ақ, Қазақстанда баламасы жоқ бірегей құрылым. Бұл – жоғары оқу орны негізінде құрылған алғашқы мамандандырылған лаборатория.
Аталмыш орталық іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізумен қатар, психология саласына қатысы жоқ қарапайым халық арасында ғылыми білімді насихаттауға бағытталған. Лабораторияның ашылуына орай, биыл «Күрделі әңгімелер» атты ашық дәрістер циклі жоспарланған. Дәрістерге Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, Шекара қызметінің, прокуратура органдары мен әскери бөлімдердің өкілдері шақырылды.
Мұндай лаборатория жастар арасындағы девиантты мінез-құлықты кешенді зерттеп, оның стратегияларын талдайды. Сонымен қатар ауытқушы мінез-құлықтың қалыптасуына әсер ететін себептер, заңдылықтар мен факторларды анықтайды.






