МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ «БІРТҰТАС ТӘРБИЕ» БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
30.10.2024
Осы бағдарлама аясында бүгін Ақсу қаласында Марғұлан университеті мен Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісім аясында мектеп базасында жалпы саны 28 оқушыдан тұратын екі педагогикалық сынып ашылды. Меморандумда педагогикалық сыныптың жұмысын ұйымдастыру ғана емес, сонымен қатар, сапалы білім беруге негіз болатын ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына да ерекше назар аударылады. Мектеп әкімшілігімен кездесу барысында Жаратылыстану жоғары мектебінің деканы, PhD докторы Ермек Ғабдуллин және Педагогика жоғары мектебінің өкілі, п.ғ.к. Бағлан Жапарова алдағы жұмыстың барысын талқылады. Оның ішінде жоғары оқу орнының ПОҚ кеңестері, педагогикалық кеңестерге қатысу және бірлескен құралдар мен авторлық бағдарламалар әзірлеу мәселелері бар. Мұндай бастамалар тәжірибе алмасуға және оқытудың заманауи әдістерін енгізуге ықпал ететіні анық.
Мектеп директоры Индира Егіс бұл жұмыстар қала тарихындағы алғашқы жоба екенін атап өтіп, оны сәтті жүзеге асыруға сенім білдірді. Жоспарды жүзеге асыру үшін жауапты адамдар тағайындалды. Педагогикалық сынып оқушыларына арналған алғашқы сабақты университет ректоры Жанбол Жилбаев өткізді. Сабақ Ыбырай Алтынсарин атындағы кабинетте өтті. Бұл символдық және педагогикалық мұраның маңыздылығын көрсетеді. Ректор сондай-ақ, педсыныптардың оң нәтижелерін де атап өтті. Университет педагогикалық сыныптарымен жұмыс істеген үш жыл ішінде түлектердің 70 пайызы педагог мамандығын таңдаған. Бұл педагогикалық сыныптар жұмысының тиімділігі мен маңыздылығын растайды.
Жалпы, өңірлерде педагогикалық сыныптар ашып, оқушыларды мектеп жасынан ұстаздыққа баулу - білім беру саласындағы ең маңызды әрі тиімді жобалардың бірі болып табылады.