МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАССЕЙНІНДЕ АШЫҚ ЖАТТЫҒУ САБАҚТАРЫ ӨТТІ
28.11.2023
Марғұлан Университетінің бассейнінде оқу-жаттығу спорттық үйірмесінің жаттығушылары үшін ашық жаттығу сабақтары өтті. Жаттығуға №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің, «Тең мүмкіндіктер әлемі» орталығының балалары қатысты. Яғни, аутизммен, сал ауруымен ауыратын және көзі көрмейтін, құлағы естімейтін балалар суда жүзу жаттығуларын жасады. Жаттығуды №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің бейімді дене шынықтыру пәнінің жаттықтырушы-мұғалімі Гүлмира Айгужинова жүргізді.
Жаттықтырушылардың сөзінше, жақында №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы білім беруді қажет ететін балалар арасында суда жүзуден жарыс өтеді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар алдағы уақытта болатын жарысқа дайындалу үстінде.
Еске сала кетейік, осы оқу жылыынң басында Марғұлан университеті мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен шұғылдануы үшін спорттық бассейнін тегін берді. Университет басшылығының бұл қамқорлығына ата-аналар да дән-риза.
- Менің балам кішкентайынан сал ауруымен ауырады. Сондықтан, ондай балаларға суда жаттығу ауадай қажет. Биылғы қыркүйек айынан бастап, аптасына екі рет осы университеттің бассейніне келеміз. Нәтижесі де жақсы. Осы ретте бізге көмек қолын созған Марғұлан университетінің басшылығына алғысымызды білдіреміз, - дейді Құндыз Бәйтенова.