МОНҒОЛИЯДАҒЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫ
05.05.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері Монғолия республикасына барып, сонда тұратын этникалық қазақтардың балаларына кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Марғұлан университеті жастар саясаты департаментінің бөлім басшысы Азамат Жүсіпбаев пен баспасөз орталығының жетекшісі Зұлқарнай Ермұрат Баян-Өлгей және Қобда аймақтарында болып, онға жуық мектептің 11 сынып оқушыларымен кездесіп, оқуға келуге шақырды. Университет мамандары кездесулер барысында Марғұлан университеті туралы ақпарат беріп, оқушыларға оқуға құжат тапсыру процессі мен шеттен келгендер үшін қандай жеңілдіктер жасалатынын түсіндірді.
- Алыстағы қандастарымыз жылы шыраймен қарсы алып, мектеп оқушыларымен кездесуге барлық мүмкіндіктерді жасады. Сапар барысында аймақ орталығына ғана емес, алыстағы ауыл мектептеріне де барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жалпы қандастар арасында Атажұртқа оралуға ниеттеніп жүргендер өте көп. Ал жоғары сынып оқушылары арасында елге келіп, білім беру саласын таңдап, мұғалім болуды армандайтындар көп кездесті, - дейді баспасөз орталығының жетекшісі Зұлқарнай Ермұратұлы.
Іс-сапар барысында барлығы 10 шаты мектепті аралап, 500-ге жуық оқушымен кездесу ұйымдастырылды.